Маңғыстау облысында Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова мерекеге орай оқушыларға көрме, ашық есік күндері, квест ойындары, концерттер ұйымдастырылатындығын айтты. Сондай-ақ, бүгін сағат 15:00-де Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған «Жебе болдым дер кезінде тартылған» патриоттық кеші өтті.
- Шараның мақсаты ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, тәуелсіздік үшін күрескен боздақтарды еске алу. Кеште желтоқсан оқиғасы туралы бейнефильм көрсетілді. Келесі кезекте ату жазасына кесілген, желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың ерлігі баяндалады. Кеш соңында колледждермен онлайн байланысқа шығып, тәуелсіздік туралы өлеңдер оқылды, - деді Әсем Әшірова.
Сонымен қатар, сағат 19:00-де Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрда «Әлиханның аманаты» атты қойылымы сахналанды. Ал 15 желтоқсан күні Ақтау қаласындағы Абай мәдени-демалыс кешенінде Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тәуелсіздік – қазынасы елімнің» атты шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерті, қуыршақ театрында Н.Насырова «Дастархан» спектаклі, облыстық тарихи-мәдени қорықта Жалау Мыңбаевтың 130 жылдығына орай танымдық кеші өтеді. Сондай-ақ, Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің және облыстық кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Тәуелсіздік – тынысың, бүгінгі дәулетің, ертеңгі ырысың» желтоқсан куәгерлерімен кездесу кеші, облыстық музейде «Заманауи Қазақстан» залына тақырыптық экскурсия мен «Тәуелсіз елім бақытым» тақырыбында квест ойындарын өткізу жоспарланған.