Маңғыстау облысында жастар күніне орай 7-12 тамыз аралығында «Jastar week» жастар апталығы өтпек. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
М.Оралбайдың айтуынша, аталған апталықтың басты мақсаты - жастарға арналған қоғамдық-мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы атаулы күннің қоғамдық мәртебесін көтеруге бағытталған.
- Осы аптада түрлі жобалар іске асады. «ZhasArt» театры маусымының ашылу салтанаты өтеді. 21 топтың қатысуымен «Qazaqsha Quiz» сайысы ұйымдастырылады. Бұл шараға өңірдің түкпір-түкпірінен жастардың қатысуына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, әртістерге арналған алуан түрлі қызықты қойылымдар сахналанады. Апталық аясында ерекше «Кешкі шәй» жобасы бастау алмақ. Қала тұрғындары мен қонақтары өзара кітап алмасып, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылады, әндер шырқалады, халық кешкілік уақытты көңілді өткізу мүмкіндігіне ие болады, - деді Мұқаш Оралбай брифингте.
Сонымен бірге, басқарма басшысы Бейнеу ауданында жастар арасындағы аудандық жүгіру марафоны, Қарақияда жастар арасындағы жағажай волейболынан және 3х3 стриболдан сайыс, Маңғыстау ауданында жастар арасында аудандық футбол ойыны мен Мұнайлы ауданы бойынша садақ атудан сайыс өткізілетіні туралы да атап өтті.
- Апталық аясында аудан және қала орталықтарында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен жастарға арналған мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар, облыс бойынша 25-ке жуық қоғамдық-мәдени, спорттық шаралар өткізілетін жастар апталығы жөнінде ақпаратты өңірлік жастар ресурстық орталықтарының әлеуметтік ресми парақшаларынан танысуға болады. Осы тұрғыда, жастарға арналған «Жиналайық» кеші өңірдегі көшбасшылар пулін қалыптастыру аясында «Youth Leadership School» бағдарламасы таныстырылады, - дейді Мұқаш Оралбай.