Бейнеу ауданының тумасы, талантты мүсінші Болатбек Салаев шеберлікпен мүсінделген туындыларымен өз шығармашылығын шыңдап келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде мүсіншілік өнер өрістеп, қала келбетіне көрік берген сәулет туындыларының саны артып келе жатқанын көпшілік біледі. Шеберлік пен төзімді, табанды еңбекті талап етететін өнер түрін кәсіп еткен мүсіншілер халық арасында зор құрметке ие. Солардың бірі - Болатбек Салаев.
Болатбек Салаевтің жасаған мүсіндері Астана, Алматы, Атырау, Орал, Қостанай, Өскемен, Тараз, Ақтау, Петропавл сынды қалаларында орнатылған. «Үш би», «Алпамыс батыр», «Абай Құнанбаев», «Қадыр Мырза Әли», «Дина Нұрпейісова», «Қажымұқан Мұңайтпасов» сынды жеке тұлғалардың мүсіндерімен қатар, парктік мүсіндер, композициялардың авторы.
Әсіресе Болатбектің «Анаға тағзым» ескерткіші халық арасында танымал. Ананың балаға деген махаббатын, халықтың анаға деген құрметін бейнелеген мүсін бүгінде Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында, Тараз, Қызылорда қалаларында бой көтерген. Мүсіншінің туындылары шет мемлекеттерде де бар. Атап айтқанда, Татарстан мемлекетінде Болатбек қолынан шыққан «Тайқазан» мүсіні қойылған.
Болатбек Салаев 1991 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Өнерге жақын, шығармашыл жандардың тәрбиесін көріп өскен ол мүсіншілік жолды таңдап, Алматы қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Білімін жетілдіру мақсатында Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, мүсін мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленеді.
Он саусағынан өнер тамған шебер әр туынды ерекше шығармашылық ізденісті қажет ететіндігін жеткізді. Бүгінде ол Астана қаласында бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың мүсінін дайындап жатыр.
Жерлесіміз жақында ғана Ақтауда 15 шағын аудандағы теңіз жағалауында ашылған «Құдықшылар» архитектуралық мүсінін де жасаған болатын.