Маңғыстау облысының полиция департаменті ақшалай көмекті тек тексерілген банктік шоттарға аударуға шақырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі кезде еліміздің бірқатар өңірлері суға кетіп, күрделі жағдайда. Атырау облысының тұрғындары осы апат салдарынан Маңғыстау өңіріне эвакуацияланды. Осыған орай, халықтың жағдайына бей-жай қарамай өңір тұрғындары қолдан келген көмектерін ұсынып, заттай немесе ақшалай қолдау білдіруде. Алайда, осы жағдайды алаяқтар өз пайдаларына асырып, әлеуметтік желілер арқылы көмек көрсетіледі деген сылтаумен өз банк есепшоттарын көрсетіп, халықты алдау жолымен ақшаларын қолды етулері мүмкін.
- Біздің өңірімізге эвакуацияланған адамдарға көмек көрсету мақсатында жіберетін ақшалай қаражаттарыңызды тек тексерілген банк есепшоттарына ғана аударуларыңызды сұраймыз. Алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін мұқият болыңыздар,- деп атап өтті Маңғыстау облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қанат Нсанбаев.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысы полиция департаменті тұрғындардан аталған жағдайларға байланысты таралатын ақпараттар мен бейнежазбалардың шынайылығына көз жеткізуді, ресми органдардың ғана ақпаратына сенуді және жалған ақпарат таратпауды сұрайды және осындай әрекеттерге жол берілген жағдайда заң жүзінде жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.