Маңғыстау облысының прокуратурасы Жаңаөзен тұрғындарының жалпы кезекті айналып өтіп, оларды мұнай-газ секторына жұмысқа орналастыруды талап етіп аштық жариялаған әрекеттеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
- Олардың іс-әрекеттері жеке тұлғалардың араңдатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың құқыққа қайшы пікірлерімен сүйемелденеді. Жиналғандардың іс-әрекеттері «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы. Прокуратура органдары осындай акцияларды ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін белгіленген жауаптылық туралы түсіндірді, - деді Маңғыстау облысының прокуратурасында.
Қадағалау ведомствосында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңнама талаптарын бұзбауға шақырды.
- Бұқаралық жария іс-шаралар халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысандарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін шараларды қабылдаумен, алдын ала хабардар етумен және осы үшін арнайы бөлінген орындарда жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алумен жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар, кейбір азаматтар діни рәсімдерді заңмен тыйым салынған жерлерде өткізеді. Бұл әрекеттері үшін ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген. Осыған байланысты қолданыстағы заңнаманың нормаларын мүлтіксіз сақтау, араңдатушылыққа берілмеу және заңсыз акцияларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан, сондай-ақ оларға қатысуға жария шақырудан бас тарту қажет. Бұл талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік (434, 488, 490, 667 - баптар) және қылмыстық (274 және 400-баптар) жауаптылық көзделгенін ресми түрде ескертеміз, - деді прокуратура өкілдері.