Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында қалалар мен елді мекендерді санитарлық тазарту және абаттандыру шараларының барысы мәселелері қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 16 наурыздан бастау алған сенбілікке 26 467 адам қатысып, 286 жүк тиеуші және тасымалдаушы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 556 тонна қалдық жиналды.
Сондай-ақ, 110-нан астам мекеме мен студенттер 52-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан аймақтарды абаттандыру жұмыстарын ұйымдастырды.
Нұрдәулет Қилыбай экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың және құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің шаруашылық қызметінен зиян келтіру жағдайларын азайтудың маңызын атап өтті.
- Осы жердің тұрғыны болғандықтан, біздің алдымызда тұрған проблемадан айналып өту дұрыс емес. Қоқыс үйіндісін көргенде, сіз жай ғана өтіп кете бересіз бе? Оған жүрегіңіз ауырмай ма? Сіз көргіңіз келетін нәрсені көресіз және көргіңіз келмейтін нәрсені мүлдем елемейсіз. Алысқа барудың қажеті жоқ, қалаға жақын маңда рұқсат етілмеген полигондар көп. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жетекшілік ететін мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс компанияларымен олардың қызметіндегі қалдықтарды заңды түрде кәдеге жарату, қоқысты мамандандырылған полигондарға шығару мәселесін пысықтасын, - деп тапсырды Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.