© shkolaveka.ru
Өңірлерде «AMANAT» партиясы филиалдарының есеп беру-сайлау конференциялары жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін партияның Маңғыстау облыстық филиалының XXXIХ конференциясы өтті. Партиялықтар кейінгі екі жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды бекітті. Сондай-ақ, Саяси кеңестердің жаңа құрамы сайланды.
Осылайша, делегаттар партияның 6 қалалық және аудандық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Олардың құрамына бас-аяғы 104 адам кірді. Оның 20,1%-ы – жастар, 32,6%-ы – әйелдер. Жалпы, Саяси кеңестердің құрамы биыл 51%-ға жаңарды.
Өз кезегінде, партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев өңірдегі партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Мәселен, облыс аумағында аманаттықтардың тікелей қолдауымен есту аппараттарының өндірісі жолға қойылды. Ал «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы аясында биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы 1500 баланың 1300-ден астамына мектеп формасы, оқулықтар мен кеңсе тауарлары салынған рюкзактар табысталды.
«Былтыр «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 365 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтарды. Биыл тағы 156 мың гектар қайтарылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Мәселен, 2,5% жеңілдікпен несие алуға 238 өтінім келіп түсті. Сонымен қатар, халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынып жатыр. Бүгінде аталған жоба аясында 1350 маңғыстаулық азамат оқуын аяқтады. Жыл соңына дейін тағы 3 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда», – деді ол.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға баса мән беру қажет екенін атап өтті.
«Биылғы сайлау науқанында халықтың талап-тілектерін қамтыған 101 іс-шарадан тұратын өңірдің сайлауалды бағдарламасы әзірленді. Осы құжаттың толық орындалуын және елді алаңдатқан өзге де түйткілді мәселелерді тез арада қолға алып, партия жанындағы кеңестерде қарастыруды және үнемі бақылауда ұстауларыңыз тиіс. Себебі, өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды әрі партияның бұлжымас парызы. Ол үшін партияда барлық ресурстар жеткілікті. Барлық деңгейдегі мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы мен Саяси кеңес, комитеттер мен кеңестердің мүшелерін, БПҰ өкілдерін осы жұмысқа барынша тарту қажет», – деді ол.
Жалпы, 2021-2022 жылдары партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 11 мектеп пен 35 балабақша пайдалануға берілді, 55 мың жұмыс орны құрылды, 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, жалпы сомасы 200 млрд теңгеге 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Осы күні «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы ақсақалдармен және партия ардагерлерімен кездесті. Әңгімелесу барысында Қазақстанның мәдени және рухани өміріндегі Маңғыстау облысының алар орны, сондай-ақ зейнеткерлерді толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Дәулет Кәрібек аталған санаттағы азаматтарға қолдау көрсетудің маңызын атап өтіп, партияның бұл бағытта жүйелі жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Атқарушы хатшы өңірдің белсенді, креативті жастарымен кездесті. Партия тарапынан жастарды қолдауға, білім және ғылымға арналған гранттар бөлуге, жұмыс орындарын құруға және жастар практикасын ұйымдастыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Бұған қоса, Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған «Каспий» су тұщыландыру зауытын жаңғырту жұмысымен танысты. Зауыт Мұнайлы ауданындағы 160 мың тұрғын мен Қарақия ауданы Құрық ауылындағы 11 мың тұрғынның ауыз су тапшылығы мәселесін шешеді деп күтілуде. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, өндірілетін ауыз су көлемі тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін артады. Нысанда партиялық бақылау бекеті ұйымдастырылды. Сол арқылы аманаттықтар құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы төленуін қадағалайды. Нысан аумағында техникалық паспортқа ұқсас тақта орнатылды. Онда шағым немесе өтініш айтуға болатын жауапты адамның байланыс нөмірлері орналастырылды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясының 16 мыңнан астам мүшесі бар. Бүгінде олар 102 бастауыш партия ұйымына біріктіріліп отыр.