Облыс әкімінің телеграм-арнасында Мұнайлы ауданының тұрғыны осы сауалды жолдады. Оның айтуынша, тұрғындар сапалы жолды күткеніне біраз уақыт өткен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Мұнайлы ауданы әкімі Е. Күмісқалиев сіздің қаперіңізге береміз! Маңғыстау ауылының квартал көшелерінде бұрын асфальт төселмей қалған жерлерге осы көктемде топырақ пен шебін тас төсеп, жұмысты бастадыңыздар. Одан бері жаз өтті. Қазір күз айы, осы төселген шебін мен топырақ сол күйінде қала ма? Әлде асфальт төселе ме? Тұрғындар бұл асфальтты аз күткен жоқ. Әлі қанша уақыт күтуміз керек?- делінген тұрғынның сауалында.
Желі қолданушысының айтуынша, ауыл әкімдігі өкілдері асфальт жол көктемде төселеді деп уәде еткен.
Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, келісім шартқа сәйкес асфальт төсеу жұмыстарын аяқтау мерзімі 01.12.2023 дейін.
- Асфальт төсеу жұмыстары алдағы күндерде басталмақ. Қазіргі таңда жолдың тығыздығы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмыстары жүріп жатыр. Келісім шартқа сәйкес жұмысты аяқтау мерзімі 01.12.2023ж дейін,- деді Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары Нұрбол Орынбасаров .