Жеті жылға жуық уақыттан бері қалдықтарды бөлек жинап, қайта өңдеумен айналысып келе жатқан "EcoWasteAqtau" компаниясы былтыр вермиферма жобасын орындай бастады.
Алғашқы кезде 10 тоннаға жуық биогумус шықты, енді биыл 20-30 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биогумус ауыл шаруашылығы қалдықтарының жауын құрттары және басқа да микроағзалармен өңделген органикалық өнім.
«Калифорниялық құрттар неғұрлым көп өмір сүрсе, соғұрлым тез көбейеді, соғұрлым тезірек өңделеді. Былтыр 300 мың құрт болған еді, қазір олар миллионға жуықтады», - дейді «EcoWasteAqtau» ЖШС басшысы Салтанат Бралина.
Былтыр 300 мың калифорниялық құрт әкелінді, олар топырақпен арнайы жәшіктерде тасымалданды. Құрттар бірінші қыстан аман шығып, бейімделіп, енді басқа үйінділерге көшірілуде. Небәрі 3-4 айдың ішінде құрттар бірнеше тонна шіріген жемістер мен көкөністерді, сондай-ақ ұсақталған өлі ағаштарды нағыз қара топыраққа өңдейді. Жұмысты аяқтағаннан кейін құрттар електен өткізіліп, басқа үйіндіге ауыстырылады және биогумус қаптарға салынады. Калифорния құрттары өте ашкөз және
олар әр 20 күн сайын көбейіп? бір уақытта 20-ға дейін ұрпақ береді. Олар үшін жалғыз қауіп - жоғары температура.
«Қыста, мысалы, -10-15 градустан төмен температурада олар анабиозға түсіп, ұйықтап қалады. Ал күн жылыған кезде олар оянып, жандануды жалғастырады. Олардың қалыпты өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін үйінділердегі ылғалдықты үнемі 60 пайызға дейін ұстап тұруымыз керек», - дейді Салтанат Бралина.
Былтыр калифорниялық құрттар көңмен қоректендірілді. Ал биыл көгалдағы шөптен, ағаш бұтақтарынан, соның ішінде сенбілік күндерінен әкелінген қураған қамыс, ағаштан, гүл қалдықтарынан, сондай-ақ базардан әкелінген бұзылған жемістер мен көкөністерден қоректенеді. Бұл өз кезегінде топырақтың құнарлы болуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде қара құнарлы топырақ өсімдік шаруашылығында экологиялық таза тыңайтқыш ретінде пайдаланылады, сондай-ақ ағаштар мен гүлдерді суаруға болады.
Мысалы, былтыр биогумуспен суарылған раушан гүлдері бірер айда алты рет гүлдеді. Мұнда ұсақталған өлі ағаш пен ағаш жәшіктерден жабын жасалады. Мұндай үгінділерді үйінділерге құяды, ал оны құрттар жейді. Сонымен қатар, жабын топырақты дренаждауға қолданылады.
«Біздің жерді қазу өте қиын. Ал отырғызған кезде 30 пайыз қарашірік, 30 пайыз жабын, қалғанына жай топырақты пайдаланамыз. Бәрін осылай араластырсақ, өнім қалыпты өседі», - деді Салтанат Бралина.
Оның айтуынша, ағаштардың жанында жерді жабынмен жабуға болады - бұл ылғалды сақтауға мүмкіндік береді. Жабын жасауға «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікте жиналған қураған қамыс пен бұтақтар жеткілікті.