Маңғыстау облысына Жылыой ауданындағы су тасқыны кезінде көшірілген адамдар саны 20 мыңнан асып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі уақытта Құлсары қаласының 16 мыңнан астам тұрғыны Бейнеу ауданына қоныстанған.
"Бүгінде облыс бойынша 20 529 адам Атырау облысынан Маңғыстауға көшірілді. Оның 16 597-і Бейнеу ауданының орталығы мен ауылдарындағы эвакуациялық пунктерге орналасты", - деді Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құлсары қаласынан Маңғыстау көшірілген тұрғындардың бір бөлігі Ақтау қаласындағы 17 пунктерде уақытша тұрып жатыр. Сондай-ақ, Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы аудандары мен Жаңаөзен қаласына да эвакуацияланды.
Су тасқыны басталғалы бері Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жаңаөзен қаласынан Жылыой ауданына арнайы техникалар колоннасы аттанды. Бұдан бөлек, Ақтау қаласынан Атырау қаласында су тасқынының алдын алу мақсатында тағы да 10 техника өндірістік компаниялардан ұсынылды.