Тосыннан болған су тасқыны еліміздің біраз аймағын әбігерге салды. Ел басына күн туған сәтте халық жұдырықтай жұмылып, бір-біріне көмек көрсетіп жатыр. Осындай қиын-қыстау сәттерде ортақ байрақ астына бірігіп, елдіктің нышанын ұран еткен қазақтың ерлігін бүгінгі күні су апатынан құтқарылған жандарға көмек қолын созып жатқан жайттардан көруге болады. Сын сағатта сыр алдырмас жерлестер бірлесе атсалысып жатыр.
Бірліктің туын берік ұстаған халқымыз бұл жолы да жылуы мен көмегін аяған жоқ. Оқушылар да қатарға қосылып, шамасы келгенше қол көмегін тигізуде. Өңірдегі білім ордалары да көмек қажет еткен жандарға барынша демеу көрсетіп жатыр. Соның бірі №19 мектеп-гимназия ұжымы. Мектептің спорт залы төсек-орын, жуынатын бөлмелермен жабдықталған. Су тасқынынан эвакуацияланған 150 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар.
– Қазіргі ахуал баршамызға белгілі. Жағдайды біле тұра, қол қусырып отыра алмадық. Ақтау қаласындағы №19 мектеп-гимназиясында төтенше жағдайға байланысты 150 адамды қамтитын эвакуациялау пункті ашылды. Ұжыммен бірге дайындық жасадық. Спорт залға төсек-орындарды жайғастырдық. Спорт зал жылы. Бір бөлмеге егде жастағы адамдарды, бір бөлмеге мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарды орналастырдық. Осы шағын ауданда тұратын тұрғындар, мектебіміздің ұстаздары, оқушылар мен ата-аналар да өз көмектерін көрсетіп жатыр. Келетін адамдардың тізімі дайындалып, оларды қамтитын өзара кезекшілік тағайындадық. Асханада ыстық тамақ, сонымен қатар балаларға арналған тамақтар да дайын. Қала тұрғындары тасқыннан зардап шегушілерден көмектерін аяп жатқан жоқ. Ұжым қалтқысыз қызмет көрсетуге әзір. Жеке кәсіпкерлер, еріктілер, қарапайым тұрғындар хабарласып не қажет екенін сұрап жатыр, – деді №19 мектеп-гимназиясының директоры Мадина Абдиева.
– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қолымыздан келген көмекті көрсетейік деп шештік. Көмек ретінде жиналған ақшаға азық-түлік, су алдық. Мектеп жанынан ашылған қабылдау пунктіне сынып болып көмектесуге келдік. Мұнда жеткізілген киім-кешектерді сұрыптап жатырмыз. Ұлдар жағы келген жүктерді қабылдап, орналастырып жатса, қыздар азық-түліктерді жайғастырып, дастархан жаюға жәрдемдесіп жүр. Ұстаздарымызбен бірге ораза жандарға дастархан жаюға атсалыстық. Қабылдау пунктінде бәрі де жеткілікті. Барлық қала тұрғындарын су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырамын, – деді 9-сынып оқушысы Камила Тыныштық.
– 9-сыныпта оқимын. Мұндай жағдайға немқұрайлы қарай алмадым. Сыныбымыздың атынан аз да болса ақша жинап, азық-түлік алып келдік. Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Ораза ұстағандарға құрма, су сияқты азық-түліктерді жеткіздік. Әр жасалған жақсылықтың қайыры бар,– деді Инабат Өтегенқызы.
– Табиғаттың оқыс мінезін қашан көрсетерін ешкім болжап біле алмайды. Зардап шегушінің орнында кез келген адам болуы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдай кезінде адамдық позизияны ұстанып, көмектесу адамдық борышым деп білемін. Таңертеңгі 8.00-де осында келдік. Бірінші кезекте нанымыз дайын тұрсын деп, нан пісірдік. Су, шәйімізді дайындадық. Үш мезгіл ыстық тамағымыз дайын. Нан, шәй, сүт, ет – барлық азық-түлік жеткілікті. Балаларға арналған тағамдар да бар. Біз атыраулықтармен біргеміз,– деді аспазшы Зәуреш Қожабайқызы.
– 5-сынып оқушысымын. Мектепке жақын жерде тұрамын. Бұл жағдайда мен де өз үлесімді қосқым келді. Мұндай көмекті бірінші рет жасап тұрмын. Қораптарды тасып, орналастыруға жәрдемдестім,– деді Бөлеген Серікбол.
– «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созуға дайынбыз. Қыздарым осы мектепте оқиды. Жанұямыздың атынан керек-жарақтар әкелдім,–деді тағы бір ата-ана.
– Қазақ қазаққа көмектеспесе, кім көмектеседі?! Ел басына қиын жағдай туғанда өз үлесімді қосу – менің азаматтық борышым. Осы паналау орталығына келіп жатқан азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды тасып, жинауға қол көмегімді беріп жатырмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,– деді оқушы Оңдасын Әбілмансұр.
– Еріктілер қашанда елмен бірге! Біздің еріктілер клубының атынан Ақтөбе, Құлсары өңіріндегі табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл – аз болса да елмен бірге екендігімізді білдірейік деген ниетпен жасалып жатқан дүние. Қайырымдылық шаралары мұнымен бітпейді. Қолдан келген көмегімізді берейік деп киім-кешек, басқа да қажетті заттарды жинау үстіндеміз,– деді «Шапағат» волонтерлік клуб жетекшісі Юсуф Қисбаев.
Атыраулық тұрғындар да елдігін танытып, жылы қарсы алып жатқан жанашыр Ақтау халқына алғысын жеткізді.
Бізді жақсы, жылы қарсы алып жатыр. Барлығымыз бір қазақтың баласымыз, басымызға іс түскенде пана болған Ақтау халқына рақмет, – деді атыраулық тұрғын.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, білім беру ұйымдары мен оқу орындарының ұжымдары, оқушылар мен студенттер, олардың ата-аналары бәрі жұдырықтай жұмылған. Бұл облыс тұрғындарының ауызбіршілігін, адамдардың бір-біріне деген қамқорлығын, мейірімділігін көрсетеді.
Зухра Әбділ-Саттар
«Маңғыстау» газеті
09.04.2024