Маңғыстау облыстық Қуыршақ театры су тасқынынан зардап шеккен атыраулық балалардың көңіл-күйін көтеру үшін 17 шағынаудандағы Ш. Есенов университетінің жатақханасына барды. Бұл шараны Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шара ертең де осы жоғары оқу орнының жатақханасы мен оқушылар сарайында «Ботақан» қойылымымен жалғасын таппақ.
- Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қуыршақ театры бірлесіп, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап жатырмыз. Көршілес өңірде су тасқынынан зардап шеккен халық пен олардың көңіл-күйін сәл де болсын көтергіміз келді. Бүлдіршіндердің армандары орындалсын деп «Арман ағашы» ойынын және асық ойынын алып келіп отырмыз. Балалардың аспандары ашық, өмірлері жарық болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ешқашан да жыламасын, тек күліп-ойнап өсе бергей!, - деді Қуыршақ театрының әртісі, режиссердің ассистенті Ержан Биғашев.
Атырау облысы, Жылыой ауданынан Ақтаудағы жатақханаға көшірілген халықтың мұнда келгендеріне 5 күн болған.
- Қуыршақ театры бүлдіршіндердің көңілін көтеру үшін келген. Қазір ойын алаңында менің бес жасар ұлым да бар. Маңғыстау халқына құрметіміз ерекше. Мың алғыс! Балалардың бәрі мәз-мейрам болып ойнап жүр, - деді атыраулық тұрғын.