ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұрықтың даму аномалияларын ерте диагностикалау және профилактикалау тиімділігін арттыруға, нәресте өлім-жітімін, балалардың мүгедектікке ұшырауын төмендетуге бағытталған пренаталдық (босанғанға дейінгі) медицина қызметін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар стратегиялық шешімдер қабылдады, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Елімізде алғаш рет ҚР-дағы пренаталдық медицина қызметінің жұмысын регламенттейтін нормативтік құжаттар –«Қазақстан Республикасында пренаталдық ультрадыбыстық скрининг жүргізуді ұйымдастыру стандарты» және «Қазақстан Республикасында 2022-2025 жылдарға арналған пренаталдық ультрадыбыстық диагностиканы одан әрі жетілдіру жөніндегі жол картасы» әзірленді.
Халықаралық стандарттарға сәйкес пренаталдық ультрадыбыстық диагностиканың 150 дәрігері сертификатталған.
Жүктіліктің 9-аптасынан бастап инвазивті емес пренаталдық ДНК тест әдісі - жүктіліктің басында ұрықтың хромосомалық ауытқуларын жоғары сезімталдықпен анықтауға мүмкіндік беретін бірегей заманауи әдістердің бірі болып табылады және әйел үшін де, ұрық үшін де қауіпсіз. Жүкті әйелдерді скринингпен барынша қамту үшін іргелес аумақтағы жүкті әйелдер санына сәйкес қажеттілікті, аудандарда көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан қолжетімділікті, ультрадыбыстық пренаталдық диагностика саласындағы халықаралық стандарттар бойынша жабдықтар мен серитификацияланған мамандардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуді ескере отырып, өңірлендіруді жүргізу жоспарлануда.