Әкімдіктің жұмысына көңілі толмаған Жаңаөзен халқы көктайғақпен өздері күресуге кіріскен. Тұрғындар мектептер мен аялдамалардың алдына тұз сеуіп жүр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Теңге, Рахат-3 ауылының тұрғындары тұз сатып алып, жолға сеуіп жүргендерін видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген. Видео авторы әкімдердің жұмысына көңілі толмайтынын айтады.
- Теңге ауылындағы 11-мектептің алды көк мұз. Көліктер кіріп-шыға алмайды. Балалар сабаққа келеді. Міне өзіміз тұз шашып жатырмыз, - дейді видеода ер адам.
Сондай-ақ, халық Рахат-3 ауылындағы 21-мектепке кірер жолға мұз қатқанын айтады. Рахат ауылының тұрғындары да сеуіп, мұзды ерітуге кірісіпті.
Ал Жаңаөзен қаласының әкімдігі кешеден бері қала мен іргелес ауылдардың орталық көшелеріне 100 тонна құм аралас тұз себілгенін хабарлады.
- Тұз себудің де өзінің нормасы болады. Көп мөлшерде шашу дұрыс емес. Өйткені, шекті нормадан асып кетсе асфальт жабындысын құртуы мүмкін. Тұрғындар шағымданған жерлерді тексеріп жатырмыз, - деді Жаңаөзен қаласы әкімдігінің өкілдері.