Қызылтөбе ауылының 50 жылдық мерейтойына орай “Әмір Темір” жеке меншік спорт кешені пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бір мезетте 400 спортшыны қамтитын кешенде бокс, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, каратэ, футбол, волейбол, баскетбол және фитнеспен айналысуға мүмкіндік бар. Нысанды кәсіпкер Бекқали Нарынов мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, салған.
- “Даму” қорынан 6%-бен 160 млн теңге қаражат алып, осы ғимаратты салдым. Әзірге оқушылар үйірмеге қатысуы үшін айына 3-5 мың теңге төлейді. Ал келесі жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаға қатысып, тегін ету жоспарымызда бар. Кешкі 18:00-ге дейін оқушылар жаттығады, ал кешке ауыл үлкендері жаттыға алады, - деді Бекқали Нарынов.
Жалпы Қызылтөбе ауылында 4 спорт зал және жеке меншік «Ибраһим» спорт кешені бар. 5 мыңнан астам оқушы күрес, дзюдо сияқты спорт түрлерімен белсенді айналысады.
Кешеннің ашылуына арнайы келген облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов мерейтоймен құттықтады. Сондай-ақ әлеуметтік нысанның ашылуы спортпен шұғылданатын жастар қатарын көбейтетінін атап өтті.