Бұл туралы қаламыздағы кәсіби профориентолог Индира Битай айтып берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Бұл біріншіден қазіргі Z ұрпаққа тән жағдай. Қазіргі мамандық таңдау үстіндегі 2000 -2020 ж.ж. аралығындағы туған балалар Z ұрпаққа жатады. Бұлардың басты ерекшелігі - тұрақтылық пен тоқшылықта өмір сүріп жатқан балалар болғандықтан болашағы үшін алаңсыз, керісінше оларды ғаламдық жағдайлар, ғарыш тақырыбы, жаһандық мәселелер, әлемді аралау секілді тақырыптар қызықтырады», - дейді Индира Битай.
Кәсіби бағдар беруші маманның айтуынша, оқушылардың мамандық таңдай алмаудағы екінші мәселесі - мектепте баланың бірінші бейіндік пәнді таңдауы. Қазіргі таңда 10 сыныпқа келген балаға жаратылыстану, гуманитарлық, техникалық деп аталатын үш бағыттың бірін таңдатады. Бала сол кезде бір бейіндік пәнін таңдау керек. Профориентологтың айтуынша, бұл дұрыс емес. Оқушы алдымен қандай маман иесі болатынынын таңдау керек. Бала қандай маман иесі боларын білмейді де, бейіндік пәнді таңдап алып, ҰБТ- ға келгенде бейіндік пәнін бірнеше рет алмастыратын жағдайлар жиі болатын көрінеді. Нәтижесінде бейіндік пән бойынша баллды аз жинайды.
«Сондықтан біз балаға бірінші бейіндік пәнді таңдатпауымыз керек, керсінше профориентолг мамандар арқылы баланың қандай мамандыққа бейім екенін анықтауымыз керек. Содан кейін сол мамандық қай бейіндік пәнге кіреді, сол кезде жаратылыстану, гуманитар, техникалық бағыттың бірін таңдауы керек. Үшіншіден, оқушы өз ішіне үңілмейді, өзін танымайды, өз қабілеті мен қалауын білмейді. Осы нәрсе мамандық таңдауда қателесуіне алып келеді»,- дейді профориентолог Индира Битай.