Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев шахматтан Азия чемпионатында алтын медаль алған Эдгар Мамедовты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге шахматшының анасы Гүлнар Мамедова, «Дебют» шахмат мектебінің басшысы Анвар Шайхымов, «Қазақстан шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша атқарушы директоры Айғали Биманов және жауапты бөлім басшысы қатысты.
Эдгар Мамедов 14-21 желтоқсан аралығында шахматтан өткен Азия чемпионатында «14 жасқа дейінгі ұлдар» санатында өнер көрсетті. 13 жасында Эдгар Мамедов Қазақстанның он дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері және Азия чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері атағын жеңіп алды. Қала әкімі жасөспірім шахматшыны жеңісімен құттықтап, алғыс хат табыстады.
- Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының қолдауымен қалада бірқатар спорттық шаралар өткізілді. Оның ішінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың бастамасымен шахматтан өткен әлем чемпионатын айтуға болады. Додада өңірміздің шахматшылары жақсы нәтиже көрсетті. Эдгар Мамедов болса Азия чемпионатында өңірмізге алғашқы алтын медальді әкелді. Сізді жемісті жүлдеңізбен құттықтаймын! Әлемдік аренада өңіріміздің, еліміздің деңгейін асқақтата беріңіз. Сізді тәрбиелеп, әр бастамаңызға қолдау білдірген анаңызға да алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта қатысатын жарыстарға сәттілік тілеймін! - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.