© фото: Центрально-Азиатский институт экологических исследований
Каспий теңізі жағалауының Баутино ауылы мен Форт-Шевченко қаласы арасындағы аумағында 100-ден астам итбалықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына сілтеме жасап.
Итбалықтардың өлімі туралы хабарлама Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына 7 қараша күні сағат 19.30-да түсті. Оқиға орнына мамандар дереу жетті.
Қазіргі уақытта мамандар жағалау аумағын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыс әкімдігімен және ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитетімен ұшаларды жинау үшін қызметкерлер мен көлік жұмылдырылды.
"8 қарашада (17:00) әртүрлі жерлерде бір-бірінен алшақ жатқан 101 итбалықтың ұшасы табылды. Өлекселердің ыдырап кетуіне байланысты өлім себебін анықтау үшін өлекседен сынама алу мен зертханалық зерттеу жүргізуге жарамдылығы анықталып жатыр", - деп түсіндірді Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының директоры Адылхан Товасаров.
Қазіргі уақытта аталған орталық мамандары балық шаруашылығы комитетімен бірлесіп, Каспий теңізінің басқа да аумақтарын зерттеп жатыр.
Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін итбалықтардың өлексесі табылған су мен топырақтан да сынамалар алынады.