«Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесінің мұнайшылары Тайвань елінде өткен Азия чемпионатына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
№3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің тиегіш көлік жүргізушісі Айдын Ахметов кір тасын көтеруден Азия чемпионы атанып, еліміздің абыройын асқақтатты.
«Қаражанбасмұнай» АҚ басқармасының басшысы Марат Елеусінов қос мұнайшыны қабылдап, құттықтады.
«Қаражанбас еңбек ұжымында осындай чемпиондардың болуы біз үшін зор мақтаныш. Байрақты бәсекедегі жарқын жеңістеріңіз арқылы сіздер мұнайшылардың тек өндірісте емес, басқа да салада қабілетті әрі мықты екенін дәлелдедіңіздер. Сенім артқан әріптестер мен бүкіл елдің үміті ақталды. Жетістіктеріңіз көп болсын!»,– деді Марат Елеусінов.
Кір тасын ұршықша иіретін чемпиондар талай жылдан бері облыстық, республикалық жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай, Азия және Әлем чемпионаттарында топ жарған. Бұл жолы олар Азия құрлығынан жиналған 400-ден астам спортшы ішінен оза шауып, жетістігін жаңартты. Нартай Алтыбаев ерлер және ардагерлер арасындағы тартыста қос алтынды қанжығаласа, Айдын Ахметов қоржынына бір алтын, бір күміс медаль салған.
«Жарыстың ауқымы кең болған сайын, мықты спортшылар көп кездеседі. Дегенмен бойымызда қазақтың асқақ рухы мен тулаған қаны барда намысты қолдан бермеуге барымызды салдық. Бізге тілеулес болған әрбір жанкүйерге, басшылық пен әріптестерге мың алғыс! Сіздердің қолдауларыңызды ерекше сезіндік»,- деді чемпиондар.
Қызметкерлер алдағы уақытта Әлем чемпионатына үшінші рет қатысып, мықтылығын тұтас жер жүзіне тағы бір паш етуді жоспарлап отырғандарын айтты.