Қарақиялықтар аудан әкімдігі тарапынан бұқаралық спортты дамытуға қолдау көрсетілмейтіндігіне наразылығын білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы спорт мектебінің таэквондо секциясының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарға шақырту алады. Алайда өкінішке орай, аудан әкімдігі спортты дамытуға қолдау танытпай келеді. Біз Ақтау, Жаңаөзен қалаларында өтетін жарыстарға қатысу үшін жеке қаражатымыздың, яғни ата-аналардың есебінен көлікті жалға аламыз. Біз бұл мәселе бойынша ауыл мен аудан әкімдігіне хабарластық, бірақ жауап ала алған жоқпыз, - деп жазады ауыл тұрғыны облыс әкімдігінің Telegram-чатына.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Қарақия ауданы тұрғындарының шағымдарына қатысты түсініктеме берді.
- Облыс спортшыларының жарыстарға қатысуы облыс және республика бойынша бекітілген әрбір спорт түрлерінен аға жаттықтырушылардың жасақтаған күнтізбелік жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Күнтізбелік жоспарға сәйкес спортшылардың жарыстарға қатысуы облыс әкімдігінен бөлінген Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Егер қосымша сұрақтарыңыз болса, басқармаға мына мекенжай бойынша хабарласыңыз: Ақтау қаласы, 12-шағынаудан, 83-ғимарат, 2-қабат,- делінген хабарламада.