«Темір-баба» өткізу бекеті жанынан биыл қаржы министрлігінің тапсырысымен жаңа бекеттің құрылысы салынып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев жаңа жобаның құрылыс жұмысымен және бүгінгі күні қызмет атқарып тұрған өткізу бекетінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған жоба құны 6 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың шілде айына жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, шекаралық бекетке 2 ұңғыма /скважина/ қазылып, су тұшыту қондырғысы орнатылады. Ұңғымалардың қуаттылығы күніне 100 текше метр су өндіруге дейін мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда 1 ұңғымадан су беріліп отыр, ол су техникалық бағытта жұмсалған.
Сондай-ақ, Түркіменстан және Қазақстан республикасы шекарасының арасында 2 шақырым жол бар. Жоба аясында аталған ара қашықтыққа қатқыл табанды және жаяу жүргіншілер жолы төселіп, айналасына демалу бекеттері орналастырылады.
Бұл жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның Маңғыстау облыстық филиалы іске асырады. Құрылыс жұмыстары үшін 100 млн теңге қаражат бөлінгені белгілі болды.
Кендірлі демалыс аймағынан бекетке дейін 108 шақырымды құрайды, оның ішінде 48 шақырым жол қанағаттанарлықсыз, жол жүруге жарамсыз жағдайда осыған орай, ауыр жүк көлік иелерінің және жолаушылардың өтініші негізінде автомобиль жолын күтіп ұстауға, қалпына келтіруге, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-на ұсыныс берілді, - деп жазылған Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
«Темір-баба» кеден бекеті арқылы 2022 жыл бойынша 1 640 629,6 кг көкөніс, ал 2023 жылдың 6 айы бойынша 3 834 202,38 кг көкөніс тасымалданған.