Бейнеу ауданына әлеуметтік-экономикалық серіктестік бағытында Қарақалпақстан Республикасынан бір топ делегация келді. Бүгін делегация мүшелерін аудан әкімі Рахымжан Шалбаев қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация құрамында Хожелі ауданы әкімінің орынбасары Низамаддинов Мансур Базарбаевич, ақсақалдар Султанов Тухтабай Суванович, Файзуллаев Исак Сабирович бар.
Аудан әкімі бауырлас елден келген азаматтарға жылы лебіз танытып, меймандостық көрсетті. Бейнеу ауданының тарихы, табиғатымен таныстырып, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы жөнінде таныстырды. Қарақалпақстан азаматтары да өз кезегінде көрші елдің тыныс-тіршілігін баяндап, келген мақсаттарымен бөлісті. Кездесудің басты мақсаты - екі аудан арасындағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азық-түлік саудасын жүзеге асыру.
Аудан әкімінің қабылдауынан кейін қонақтар Бейнеу аудандық мұражайына экскурсия жасап, ауданның тарихи және мәдени құндылықтары, флорасы мен фаунасынан хабардар болды.