Ақтаудағы 13-ші гимназияның 5 “Ж” сыныбының оқушылары Аналар мерекесі қарсаңында қарттар үйіне барды.
Мұнда немерелеріне ертегі айтып, балаларына өсиет айтар шағында жалғыз қалған жүзге жуық қария тұрады. Оның 35-і әйел адамдар.
Қариялардың көңілін көтеруге жас жеткіншіктердің барлығы өз үлесін қосуға тырысты. Бірі күй тартса, енді бірі скрипкамен әуезді әуенді орындады. Әжелер мен аналарға арналған өлеңдерін оқып, қарияларды халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Облыстық филармонияның белді әншісі Марат Сафаровтың орындаған әндері мереке көрігін қыздыра түсті. Қариялар қосыла шырқап, би биледі.
Қариялар мереке қарсаңында қуаныш сыйлаған оқушыларға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, батасын берді.
Оқушылар да ерекше әсермен қайтып, көп дүниені түйсінді.
- Балаларды қайырымды болуға, үлкенді сыйлап, қадірлей білуге баулу мақсатында ата-аналардың ұйтқы болуымен осындай шара өткіздік. Бұл үйдегі ақ жаулықты аналарымыз бен ақсақалдарымызды көріп, балалар да, өзіміз де қатты толқыдық. Қариялар да көздеріне жас алып, алғыстарын жаудырды,- дейді 5 “ж” сыныбының жетекшісі Нұржамал Құттыбаева.
Шара соңында қариялар гимназия ата-аналары жайған мерекелік дастарханнан дәм татты.