Маңғыстау облысының әкімдігінде есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте фармацевтердің есірткіге тәуелді адамдарға күшті дәрілер сататыны сөз болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белсенді Роман Оразымбетовтың айтуынша, соңғы 10 жылда нашақорлыққа тәуелділердің жасы жасарған. Қылмыстық топ жетекшілері электронды сайттар, күмәнді желілер мен мессенджерлер арқылы жастарды есірткі таратуға белсенді пайдаланады.
- Бүгін тұтынушылар аудиториясы өзгерді. Бұрын героин, есірткіге 25-29 жастағы адамдар тәуелді болса, қазір аудитория күрт жасарып кетті. Яғни, жасөспірімдер желідегі бейтаныс адамдардың айтқанына сеніп, есірткіні таратуға келіседі. Осылайша, жастар бейсаналы түрде есірткіні тарату мен қолданудың серіктестеріне айналады, бұл оның болашағына кедергі келтіреді. Біздің міндет - есірткінің алдын алу шаралары арқылы жастарды қорғау. Біз бұған баса назар аударуымыз керек, - деді Роман Оразымбетов.
Жиналыстан соң полицейлер жұмыс тобының мүшелерімен бірге Ақтау дәріханаларының бірін тексерді. Белсенділердің айтуынша, рецептсіз күшті дәрілер сатылып жатыр. Алайда жұмыс орнында фармацевт болмады.
Нұрлан Ноғаев есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басым міндеті екенін айтты. Оның айтуынша, есірткі бойынша қылмыстық істер прокуратура органдарында ерекше бақылануы тиіс.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев синтетикалық заттарды қоса алғанда, есірткінің таралуы елдің болашағына қауіпті екенін атап өтті. Бұл мәселе кез-келген адамға әсер етуі мүмкін екенін ескеруіміз керек. Ертең балаларымыз есірткінің құрбаны болмас үшін бүгін нақты қадамдар жасалуы қажет. Атап айтқанда, дәріханаларға рейдтер жүргізу, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру. Есірткі - бұл қауіпті ауру, оны басқару өте қиын. Біз белсенділерге әлеуметтік мәселелерге немқұрайлы қарамайтыны үшін алғыс айтамыз. Прокуратура мен құқық қорғау органдары рецепт бойынша дәрі - дәрмектерді босату ережелерін бұзатын дәріханаларды бақылауды күшейтуі, сондай-ақ синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу үшін қарқынды жұмыс істеуі қажет, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.