Бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Маңғыстау облысының тұрғындарымен есептік кездесуін өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вице-министр Маңғыстау облысы Республиканың екінші мұнай өндіруші өңірі екенін (Атырау облысынан кейін), оның үлесіне жалпы мұнай өндірудің 18,4%-ы тиесілі екенін атап өтті. Өңірде мұнай өндіру көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 16,8 млн тонна, 2023 жылдың 10 айында – 13,7 млн тонна, 2023 жылғы жоспар – 17,9 млн тоннаны құрады.
2030 жылға қарай «Қаламқас теңізі, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеру жолымен мұнай өндіру көлемі 21 млн тоннаны құрайды. Аталған жобаға тікелей инвестициялар $6 млрд астам қаражатты құрайды, құрылыс кезінде 2 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Бұдан бөлек бүгінгі таңда Маңғыстау облысы газдандыру деңгейі бойынша көшбасшылардың бірі саналады, өңірдің 99,9%-ы немесе шамамен 766 мың адам табиғи газға қол жеткізе алды.
- Өңірді газбен қамтамасыз ететін негізгі магистральдық газ құбырларын жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Осы бағытта жалпы сомасы 230,6 млрд теңгеге 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Бейнеу-Жаңаөзен магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы аяқталды, бұл құбырдың өткізу қабілетін 8.9 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік берді,-деді вице-министр.
Өңір үшін сұйытылған мұнай газы мәселесі де өзекті. Өңірде 433 автомокөлік газ құю станциясы бар. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында шамамен 170 мың тонна сұйытылған мұнай газы тұтынылды.
Өңірді электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Өңірдің жалғыз энергия көзі – жалпы электр қуаты 895 МВт болатын «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
- Өңірді қосымша электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік пен «МАЭК» арасында 2022 жылы қуаты 139 МВт бу-газ қондырғысын салуға инвестициялық келісім жасалды. Сондай-ақ Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарының сыртқы инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 8 млрд теңгеге кернеуі 110 кВ электр беру желісін және 110/10 кВ 2 кіші станцияны салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Осы жобалар аяқталғаннан кейін шамамен 140 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етілетін болады,- деді Асхат Хасенов.
«Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесімен Батыс аймақтың электр желісін күшейту» жобасы аяқталды, бұл Маңғыстау энергия тарабындағы өткізу қабілетін 50-ден 200 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Вице-министр өңірдегі ЖЭК саласының дамуы туралы да баяндады. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында жалпы қуаты 65,6 МВт болатын 5 ЖЭК объектісі бар.
Сондай-ақ жалпы қуаты 50 МВт 1 жел электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек облыста суды тұшыту және жылына шамамен 2 млн тонна «жасыл» сутегіге немесе 11 млн тонна жасыл аммиакқа айналдыру үшін қуаты 40 ГВт жел және күн фотоэлектрлік қондырғыларын салу жөніндегі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Есептік кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдау өткізілді. Оның аясында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, мәселелерімен бөлісті. Тұрғындардың сұрақтары инфрақұрылымдық мәселелерге, соның ішінде үйлерді электр энергиясына, сондай-ақ жылу желілеріне қосу мәселелеріне қатысты болды.