Соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Бұл туралы Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген ҚР Ғылым және білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки өңірдің жас ғалымдарымен кездесуде мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Гранттық қаржыландыруға арналған жалпы конкурстың көлемі алдыңғы конкурстармен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайды. Нақтыласақ, 2023-2025 жылдарға 74,07 млрд теңге бөлінген. Вице-министрдің айтуынша, бұған дейін гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған байқаулар үш жылда бір рет жарияланса, енді жыл сайын өткізіледі.
"Былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға байқау өткізетінін жариялады. Жас мамандарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» ұлттық жобасына 86 миллиард теңге бөлінеді. «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы мен ҚР ғылымын дамыту тұжырымдамасында ғалымдар санын 50%-ға арттыру міндеті қойылды. Бұл кезеңде жас ғалымдарды қолдауға және талантты жастарды ғылымға тартуға басымдық берілуі керек. Постдокторанттарды қолдау мақсатында «Жас ғалым» жобасы шеңберінде мың грант бөлуге конкурс өткізіледі. Сонымен қатар Қазақстанда жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылды", - деді Дархан Ахмед-Заки.
Жалпы аталған шараның барлығы қазақстандық ғылымды жан-жақты дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресіне қосқан үлесін арттыруға бағытталған. Кешенді қолдау мен барлық қабылданған шараның нәтижесінде жас ғалымдардың үлесі кем дегенде 50%-ға өсуі керек деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ елде жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.