Егер сіз таңертеңгі кептелістен шаршасаңыз, онда жұмысқа басқаша баруға тырысу керек шығар? Мысалы, маңғыстаулық Жандос Жұмабаев сияқты.
31 жастағы Жандос күн сайын таңертең үйінен жұмысына дейін 10 шақырым жүгіреді. Ал жұмыстан соң осы жолымен кері жүгіріп қайтады. Бірнеше жылдан бері ол кез келген ауа райына қарамастан, осы дағдысынан жаңылған емес, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Жүгіру - бұл өз денеңнің күшін әрі мүмкіндігін толықтай сезіну. Мен бұны немен салыстыруға болатынын білмеймін. Жүгіруге салмақ тастау немесе рекордтарды жаңарту әдісі ретінде емес, денеге күтім жасау, оның қажеттіліктерін тыңдау тәсілі ретінде қабылдау керек. Бұл демалуға көмектеседі. Өйткені жүгіру кезінде сіз тек дұрыс тыныс алу және құлаққаптағы музыка туралы ойлайсыз. Қалғанының бәрі екінші орынға жайғасады", - дейді Жандос.
Жандостың спортқа төзімділігі мен тәртібі бар. Ол бала кезінен жаттығуға үйренген. Бала кезінде бокспен айналысқан, кейін жүгіруге қызығушылық танытқан.
Үйден жұмысқа дейінгі қашықтық, әрине, марафонмен салыстыруға келмейді. Бірақ қарапайым адамдар үшін қашықтық 10 шақырым үлкен жеңіс. Жандос бір бағытты орта есеппен 40 минутта жүгіріп шығады.
— Әрине, менің таңертең жұмысқа жүгіріп барғаным көпшілікті таңқалдырады. Әр уақытта адамдардың таңданысын байқаймын, кейде машиналар тоқтап, сигнал береді, тіпті сәлем беріп жатады", - дейді Жандос.
Жандос жұмысына ешқашан кешіккен емес. Әрдайым бірінші барып, киімін ауыстырып, әріптестерін күтіп алады.
Жандос Ақтауда өтетін марафондарға әрдайым қатысады, сонымен қатар Қазақстанның басқа қалаларында өтетін марафондарға қатысуды армандайды.
- Менің жеке рекордым 21 шақырым. Ақпан айында Атырауда марафон өтеді, сол жарысқа қатысқым келеді, - деп бөлісті Жандос Жұмабаев.