Облыстық мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясында Бейнеу ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу туралы шешім қабылданды. Әкім сайлауы 2023 жылдың 5 қарашасында өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия отырысына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, VIII шақырылған облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев және депутаттар қатысты.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру туралы Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің тұрғындары тікелей сайлау арқылы ауыл әкімдерін таңдау құқығына ие болды. Сондай-ақ, азаматтарды әкім лауазымына өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілді. Осы жаңашылдыққа сәйкес Маңғыстау облысында ауылдар мен ауылдық округтердің 37 әкімі сайланды.
Нұрлан Ноғаев келесі кезең аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау болатынын атап өтті.
- Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде саяси процестерді дамыту қажеттігін атап өтті. Егер бұрын әкімдерді жанама құқық негізінде мәслихат депутаттары таңдаған болса, онда 2025 жылдан бастап аудан басшыларын тұрғындардың өздері сайлайтын болады. Бұл тарихи қадам әр азаматтың өз аймағының болашағын қалыптастырудағы дауысының маңыздылығын көрсетеді. Әкімдерді сайлаудың жаңа жүйесі жергілікті деңгейде басқару үдерістерінде жауапкершілік пен ашықтықты арттырып, азаматтардың мемлекеттік органдардың шешім қабылдау үдерісіне ықпалын күшейтуге жаңа серпін береді, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Депутаттардың бірауыздан бекітілген шешімімен Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясында пилоттық әкім сайлауын өткізу Бейнеу ауданында өтетін болып бекітілді. Аудан әкімінің сайлауы 5 қарашаға жоспарланған.