Бейнеу ауданында «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жыршы, күйшілер тобы өнер көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға ауданның зиялы және өнерсүйер қауымы қатысты. Оған қоса «Ұлы дала жорығы» аламан жарысының жеңімпаздары «Көкмойнақ» командасының мүшелері де атсалысты.
Кеште ұмыт болған Маңғыстаудың ескі күйлеріне қоса жыр да айтылды.
Бейнеу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Таңат Нұрмағанбетов өнерпаздарға «Өлкеміздің рухани, мәдени дамуына қосқан үлесі» үшін алғыс хатын табыстады.
— Бұл өнерпаздар 5-20 шілде аралығында «Қырымның қырық батырының ізімен» атты халықаралық турне жасап, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан мемлекеттерін аралап, сол елдердегі түбі бір түркі бауырларға дүниежүзілік маңызы бар бай мұрамызды насихаттап, жыр-дастандарымызды танытып келген болатын. "Мақамы мәшһүр Маңғыстау" тобы өңірімізде ұмытылуға айналған желілік эпикалық туындылар мен ескі күйлерді орындау дәстүрін қайта жаңғыртып жүрген бірегей таланттар,- деді.
Кешті елге танымал жыршы, өнер зерттеушісі Ақылбек Тасқараұлы жүргізіп, Елдос Еміл, Әзірбай Өскінбаев, Гүлжамал Ербоз, Жүзімгүл Рейпназарова, Нұржан Жолдас, Назира Сейітқали, Злиха Сапарова, Сұлтанбек Құдайберген, Бердібай Тойғұлиев, Манас Әділбай, Бақдәулет Толыбекұлы, Нұрғиса Құдайберген, Оңдасын Қалқан, Әлия Қарамұқан, Бексұлтан Жаңай сияқты саңлақтар өнер көрсетті.
Шара барысында «Мұңал ата» қоғамдық қорының төрағасы Жаңбырбай Дәрменов «Ұлы дала жорығы» аламанының кезінде «Көкмойнақ» командасына қолдау білдіріп, рухани демеу көрсеткен Бейнеу халқына ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтты. Команданы жыр жолдарымен жігерлендірген бейнеулік ақын Сәрсен Қадірге алғыс хат табыстап, ат мінгізді.
Рухани кештен мол азық алған көрермен өнер иелеріне қошеметін білдірді.