ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Бейнеу ауданының құрметті азаматы Сахи Хибасов азаматтық белсенділік танытып, сайлау учаскесіне дауыс беруге келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сахи Хибасов жемісті еңбегі үшін І,ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Маңғыстау облысының 30 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған. Бейнеу ауданының құрылу кезеңінен бері еңбек еткен ол бүгінгі науқанның саяси мәні мен ауданның тұрақты дамуы үшін сайлаудың маңызын атап өтті.
-Бүгінгі сайлау өзгеше. Себебі, елімізде алғаш рет аудан мен қала әкімдері сайланып жатыр. Мен өзім аудан экономикасын ілгері дамытатын, халықпен тіл табыса алатын, өзім сенген азаматқа дауысымды бердім. Енді жаңа басшымыз ауданды өркендетіп, басқа өңірлерге қарағанда берекелі Бейнеуді алдыңғы орындарға жетелейді деген сенімдемін, - деді Сахи Хибасов.
Айта кетейік, сайлау учаскелері 20:00-ге дейін жұмыс істейді.