Бүгін сағат 20:00-де Бейнеу ауданындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Елде алғаш рет пилоттық негізде өткен сайлауда дауыс беруде тұрғындар белсенді болды. №141 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Серік Әділовтың айтуынша, Бейнеу ауданы әкімінің сайлауы заң талаптарына сай ұйымдастырылды.
- Бүгінгі саяси науқан "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңына сәйкес өткізілді. Сайлау барысын қоғамдық ұйымдардың және саяси партияның байқаушылары, кандидаттың сенімді өкілдері бақылады. Халықтың белсенділігі де жоғары болды, - дейді №141 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Серік Әділов.
Айта кетейік, бүгін бір мезгілде алғаш рет 42 аудан және облыстық маңызы бар 3 қаланың әкімін сайлау өтті. Бейнеу ауданы әкіміне 3 азамат кандидат болды. Ал қазір сайлау бюллетеньдерін санау басталды.