Маңғыстаулық тұрғындар қолданысқа 1 апта бұрын ғана берілген ауданаралық автобусқа қоқыс қалдырып, ластап жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жақында Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімінің қолдауымен «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясының инвестициялық жобасы аясында шалғайдағы аудан және ауылдарға қатынайтын жолаушылар автобусы берілген еді. Қазір бес бағыт бойынша әр ауыл, ауданға екі-екіден жолаушылар автобусы қатынайды. Барлық автобус саны – 10. Yutong маркалы жолаушылар автобусы метан газымен жүреді.
Демалыс күндері жолаушылар автобусында ине шаншар орын болмайды. Олардың дені ауылына қайтатын студенттер мен қалада жұмыс істейтін тұрғындар. Жолаушылар жаңа автобустардың берілгеніне дән риза. Әйтсе де олар қоғамдық көлікте тазалық сақтамай жатыр. Жолаушылар қалдырған қоқысты жүргізушілер мен қоғамдық көлікті жуып-тазалаушылар жинауға мәжбүр.
- Жолаушыларды тасымалдаушы компанияның көлік тұрағынан күн сайын 10 автобус тап-таза күйінде аттанып, кешке кір, лас, қоқыс толған күйінде қайтып келеді. Біз алғашқы аптаның қорытындысы бойынша, жолаушыларға әр сапар алдында көрсететін бейнеролик әзірледік. Жолаушыларға автобус салонында да өз қоқыстарын қалдырмай, ұқыпты қарау жөнінде өтініш білдіргіміз келеді. Бұл жолаушылар автобусы – расымен де, облыс орталығын шалғайдағы аудан, ауылдармен байланыстырған алтын көпір деуге болады. Соның қадірін біліп, қоғамдық көлікті таза ұстайықшы, жолаушылар, - деді «Caspian trans corporation» ЖШС директорының орынбасары Жами Сырбаев.