Ақтаудағы 13шағынаудандағы көпқабатты үйдің жертөлесінен қарақұрттың тұтас ұясы табылды. Енді үй тұрғындары күн жылынған соң пәтерлерін қарақұрт жайлайды деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы осы үйге қызмет көрсететін ПИК-ке зиянкестермен күресуді тез арада бастауға тапсырма берді.
«Ертең біз апта соңына дейін тиісті жұмыстарды жүргізетін компаниямен келісім жасаймыз. Зиянкестер қалай пайда болғанын білмеймін. Мен ПИК-те 16 жыл жұмыс істеймін, мұндай жағдайды бірінші рет кездестіріп отырмын», - дейді ПИК төрағасы Ғазиз Ағатаев.
«Эко-Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы Кирилл Осин қала орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде улы жәндіктер қалай пайда болуы мүмкін екендігі туралы бірнеше болжам жасады.
«Көбінесе адамдар даладан әртүрлі зиянкестерді өздері әкеледі. Мысалы, ауысымнан оралған қызметкер сөмкесінде үйге осындай «тосын сый» әкелуі мүмкін. Мен олардың бір жерден әкелінгенін жоққа шығармаймын, әрине, әдейі емес. Содан кейін олардың көбеюі үшін қолайлы жағдай болған. Бірақ бұл жерде сұрақ туындайды - олардың көбеюі үшін бірден бірнеше қарақұрт әкелінген болуы керек”, - дейді Кирилл Осин.
“Ақтауға даладан, теңізден түрлі жәндіктерді тұрғындар өздері әкелетін жағдайлар көп. Тұрғындар анда-санда үйлерінің кіреберістерінен не су жыландарын, не тасбақаларды көріп жатады. Олардың өздері тұрғын үйлерге жетуі екіталай. Бірақ қарақұрттар, фалангтар немесе шаяндарға келетін болсақ, бұл кездейсоқ жағдай”, - деп есептейді эколог.
«Енді бастысы, оларды улайтын компания бәрін дұрыс ұйымдастыруы керек. Олар толықтай жойылмаса, пәтерлерге жетуі де мүмкін», - деп толықтырды Кирилл Осин.
Ал облыстық аурухана қазір қоймада қарақұртқа қарсы 5 ампула бар екенін айтты, тағы да өтінім берілген.