Атамекен ауылының тұрғындары ауыз су тарифінің 70 теңгеден 120 теңгеге өскенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жеткізген ауыл тұрғындарының сөзінше, бұрын ауыз су тарифі 30 теңге болған.
«Екі жыл ішінде ауыз су бағасы 400 пайызға қымбаттап отыр. 400 пайыз, яғни 4 есе қымбаттату деген сөз ұят емес пе? Тым құрысы 10 теңгеден қосса да түсінеміз ғой, - деді ауыл тұрғындары.
«Маңғыстау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мамандары Маңғыстау облыстық мәслихатының 2021 жылғы 3 желтоқсанындағы №8/82 шешіміне биыл өзгерістер енгізілгенін айтты. Өзгеріске сәйкес, Мұнайлы ауданына қарасты барлық ауылдарда ауыз су тарифін есептегіш құралы бар тұрғындар үшін 1 текше метр үшін – 120 теңге болған.
«Ауыз суды есепке алу аспаптары бар тұрғындар үшін лимит көлемінде ауыз су тұтынылған жағдайда субсидияланатын 1 м3 ауыз су тарифі – 120 теңге. Ауыз суды есепке алу аспаптары жоқ тұрғындар үшін лимит көлемінде ауыз су тұтынылған жағдайда субсидияланатын 1 м3 ауыз су тарифі – 150 теңге екендігін қаперіңізге береді, - деп жауап берді «Маңғыстау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары.