Атамекен ауылдық округінің тұрғындары облыс әкімінің телеграм-арнасына ауыл ішіндегі автомобиль жолдары қашан қалыпқа келтіретіні туралы сұрақ жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Атамекен елді мекеніндегі мектеп пен әкімдік алдындағы автомобиль жолы қашан жөнделеді? Мүлдем жөндеу көрмеген. Көлікпен жүру мүмкін емес. Халыққа еш жағдай жасалмаған. Әкімдік қайда қарап отыр?,- делінген тұрғынның хабарламасында.
Атамекен ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарының айтуынша, автокөлік жолдарына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін техникалық және авторлық қадағалауды қоса алғанда 2022 жылдан бері осы күнге дейін республикалық бюджеттен 586 096 млн.теңге қаражат бөлу бойынша аудандық әкімдіктің тарапынан 5 рет бюджеттік өтінім жолданды. Алайда, туындап отырған мәселенің өзектілігіне қарамастан қажетті қаражаттың бөлінбеуіне байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға мүмкін болмай отыр.
- «Аудандық маңыздағы ұзындығы 3,4 шақырым автокөлік жолдарын қайта құрылымдау» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу өткізіліп, жеңімпаз мекеме «Ақжол+К» ЖШС-мен келісім-шарт жасақталды. Келісім-шарт дайын, құны – 563 170 млн теңге. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда аталған нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын болады,- делінген ауылдық округ әкімі аппаратының хабарламасында.