Баспасөз – бұл қашанда өз халқының айнасы. Сол халықтың ішкі һәм сыртқы мәдениетінде болып жатқан өзгерістерді айнытпай халыққа жеткізуші сала. Қазіргі таңда тілге жанашырлық танытып келе жатқан бірден-бір сала болса, бұл осы баспасөз саласы.
Ұлттың асқақ үнін жариялайтын, рухтың жырын жеткізетін баспасөз саласының қазақ үшін маңызы ерекше деп ойлаймын. Тұлғаның заманға сай жан-жақты тұлға болып қалыптасуына үндейтін, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ұлт болудың маңызын насихаттайтын қазақ руханиятында өзіндік орны бар басылымдар әлі де баршылық.
Сол басылымдардың арасында өзім еңбек ететін аудандық қоғамдық-саяси «Рауан» газетінің де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Биыл газетімізге 39 жыл толады. Мен бала күннен өлеңге, өнерге, жазуға құмар болдым. Басты арманым журналист болатынын да жасырмаймын. Бірақ, қалада оқуға мүмкіндігім болмады. Бұл қасиет маған анамнан дарыған. Анам ұстаз болған жан еді. 19 жыл педагог боп қызмет атқарып, денсаулығына байланысты зейнетке шыққан болатын. Мектеп бітірген соң, ана жолын жалғаймын деген мақсат болды көкейімде. Сол мақсаттың жетегінде Бейнеу гуманитарлық –экономикалық колледжінің математика факультетін аяқтадым. Оқып жүрген кезімде «Рауан» газетінің тұрақты оқырманы болдым. Ол кезде редактор Сали Адай болатын. Күнделікті колледжде өткен шараларды қолмен қағазға түсіріп, оны аяқтай Сали ағайда апаратынмын. Әр бейсенбі сайын колледж кітапханасына асығып тұрушы едім. Өйткені, сол күні колледж кітапханасына газеттің апта сайынғы жаңа саны келетін. Өз туынды өлеңдерімді, мақалаларымды көріп, іштей мені ерекше сезім билейтін. Жазуға деген ерекше сезім мен қызығушылық мені кішкентай ғана ауданның тілшісі ретінде танылта бастады. Ең алғаш қызметімді Бейнеу ауданы әкімдігінің «Бейнеу аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бастап, ол жерде үш жарым жыл еңбек еттім. Бір күні «Рауан» газетінде бос штат орын бар, сол орынға келесің бе? деген ұсыныс алдым. Бұл да маған берілген үлкен мүмкіндік шығар деген оймен, мен жұмыс ауыстыруға бел будым. 2017-2019 жыл аралығында тілші боп еңбек еттім. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық «Маңғыстау» газетінің аймақтық тілші қызметіне ауысып, мамыр айында штат қысқартылуына байланысты жұмыстан шықтым. Басқа салада еңбек етіп жүрсем де, газетке деген сағынышым сөнбей, жазудан қол үзбедім. 2023 жылы қыркүйекте аталған газетке тілші болып орналасып, өзімнің сүйген кәсібіме қайта келдім. Білімімді шыңдау мақсатында түрлі курстарға қатысып, тәжірибе жинақтау үстіндемін. Білгенімнен, білмейтінім көп десем де болады. Бұл мамандықтың қыр-сырын меңгертуде маған қолдау білдіріп, бар білгенін үйреткен рухани ұстазым Айнахан Есетке, аға-буын әріптестерім Сали Адайға, Кәрісбай Әділге, Қартбай Қожаевқа, Беркімбай Гарабаевқа айтар алғысым шексіз.
Аудандық «Рауан» газетіміздің басылым саны артып, оқырман легі жыл сайын көбейе берсін дегім келеді. Ұлттық басылым күні құтты болсын, оқырман!
Үміт ҚАЗДАЕВА