Өңірімізде республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау қағидалары бекітілген болатын. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы Амангелді Халмұрадов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, аталған тағайындау Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы № 255 Жарлығы негізінде қарастырылған. Осы қағида негізінде Маңғыстау облысының өңірлік кадр резервіне іріктеуді 2024 жылы өткізу жоспарланды. Осыған дейін өткізіліп келе жатырған мемлекеттік қызметке іріктеу конкурсының нәтижелері бар.
- Сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту басымдықтарын ескере отырып, 7 салалық бағыт белгіленді: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, сондай-ақ әлеуметтік сала. Онымен қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары мен цифрландыру, экология саласы жатады. Өңірлік резервке іріктеуге қатысуға 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар (құжаттарды тапсыру сәтінде) Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
Сонымен қатар, жобаның негізгі мақсаты - жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Кадр комиссиясы жүзеге асырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов аталған іріктеу бірнеше кезеңдерден тұратынын мәлімдеді. Бірінші кезең -құжаттарды қабылдау. Бұл кезең 1-31 наурыз аралығында өтеді. Кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz - жоба сайтында тапсыра алады. Қажетті құжаттар тізімі: ҚР азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі; білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері; еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі, соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің нысаны қосымшасы бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі қажет екенін атап өтті.
Бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді.
Айта кетейік, басқа кезеңдер жайлы толығырақ білу үшін немесе басқа сұрақтар туындаған жағдайда, аумақтық департаментке осы нөмірлер арқылы: 30-36-43, 30-36-44 хабарласа аласыздар.