Президент Жолдауында қоғамды алаңдатқан мәселелерді дөп басып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа бағдарын айқындап берді.
Жолдауда барлық азаматқа тең мүмкіндік беру арқылы экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы, сумен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және отандық өнімнің үлесін арттыру, ел байлығын ұтымды пайдалану сияқты көптеген басым бағыттар қамтылды.
Қоғам үшін маңызды үлкен мәселелер қозғалды. Қазіргі таңдағы тек қазақстандық қоғам емес, әлемдік деңгейдегі мәселелер қарастырылды. Соның ішінде бастысы – су тапшылығы. Екіншісі – соңғы уақытта пікірталас тудырып жатқан атом электр стансасын салу туралы референдум болатынын айтты. Ол да өте маңызды. Сонымен қатар Президент алдыңғы Жолдаудың қорытындыларын, нәтижесін және өзіндік жұмысын атап өткен болатын. Шынайы өмірдегі жағдайды көрсетуіміз керек. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Жолдаудың қойған міндеттері өте зор.
Жолдауды ел ертеңін еңселі етіп, ұлтты ұйыстыруға, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Ол билік пен қоғам арасындағы диалог нығайып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асып жатқанына дәлел бола алады.
Рахат ЕЛТИЗАРОВ,
Түпқараған ауданының әкімі.