9 шағынаудан тұрғыны өз үйінің жанынан көгершіндерге арнап құс кетегін салып алған. Көгершін бағу – оның сүйікті хоббиі.
54 жастағы тұрғын көгершін құсын бағуға күнделікті 1-2 сағатын арнайды. Ол бұл хоббиімен 4 сыныбынан бері айналысатынын айтады.
Қазір оның 40 шақты көгершіні бар. Құс кетегінің ішінде әр көгершінге арнайы бөлме салған.
«Әр көгершіннің өз аты бар. Жылдың 4 маусымында да құстар осы кетекте болады. Көгершін – өте төзімді құс. Қыста тоңбайды. Күн сайын құс кетегінің ішін тазалап тұрамын. Ал бұл көгершіндердің тамағына айына 10 мың теңге кетеді. Негізгі тамағы – дән, арпа, бидай. Олар балапандарын аузымен тамақтандырады», - дейді ол.
Ол бала күнінде өз ауылдастарына қарап, көгершін құсын бағуға деген қызығушылығы оянғанын айтады.
«Көгершіннің табиғи өмір сүру ұзақтығы 6-7 жылдай ғана. Көгершіннің кәсіп ретінде еш пайдасы жоқ. Бұл құстың жұмыртқасын я етін ешкім жемейді. Жәй хобби ғана. Жалпы бұрынғы жылдары ауылдық жердің адамдары көгершін құсын көп бағатын. Көп баққанда да сол, көше бұзақылары, түрмеде отырып келгендер ұстайтын. Қазір кәсіпкерлердің көгершін бағатынын көп байқаймын», - дейді ол.
Соғыс жылдарында адамдар көгершінді хат тасымалдауға пайдаланған. Оның ұзындығы – 40 см, ал салмағы 400 грамға дейін жетеді. Киелі кітаптардағы аңыздарға сүйенсек, Нұх Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын және Құдайдың адамдармен татуласқанын жеткізуші – дәл осы інжіл құсы, көгершін болған. Халық арасында көгершінде бейбітшілік символына балап, «бейбітшілік құсы» деп те атап жатады.