Ақтауда медициналық көмекті қажет еткен баланың анасы патрульдік полицейлердің арқасында ауруханаға тез жеткен. Қала тұрғыны әлеуметтік желі арқылы полиция қызметкерлеріне өз алғысын білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әйелдің айтуынша, 9 қарашада сағат 22:30 шамасында «Ақтау» ойын-сауық орталығының алдында ауруханаға барар жолда кептеліс болған. Ал уақыт өткен сайын аллергияның әсерінен баласының жағдайы нашарлай берген.
"Бала уақыт өткен сайын нашарлап барады. Содан кейін терезені аштым да, көмек сұрап айқайладым. Өйткені бағдаршамдардың қызыл түсі жанып тұр еді, қатты қорықтым", - дейді әйел.
Осы кезде патрульдік көлікте болған полиция аға лейтенанты Қожа Майланов пен полиция лейтенанты Марат Қуватов бірден көліктің алдынан шығып, аз ғана уақытта ауруханаға дейін жол сілтеген.
Полицейлердің әрекетіне риза болған баланың анасы тәртіп сақшыларына қызметі үшін алғысын білдірді.