Ақтаулық кәсіпкер Жансая Асылбекова қыз-келіншектерге тағам әзірлеу бойынша шеберлік сағатын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шеберлік сағатына Ақтау қаласы әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлзира Есетова, аспаз Жансая Асылбекова және 20-дан астам қыз-келіншек қатысты. Кәсіпкер Жансая Асылбекова шараға қатысқандарға ас әзірлеудің қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөлісті. Аспаз қыз-келіншектермен бірге әртүрлі тағамдар дайындады. Ақтау қаласы әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлзира Есетованың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылады.
- Бұл шара болашақта кәсіп ашуды жоспарлап жүрген қыз-келіншектерге де өз септігін тигізеді деп есептеймін. Мұндай шараларды алдағы уақытта ұйымдастыру жоспарымызда бар, - деді Ақтау қаласы әкімі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлзира Есетова.
Кәсіпкер 2020 жылдан бері осы салада жұмыс істейді. Аспаз өз ісін «Атамекен» палатасындағы «Мен кәсіпкермін» әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бағдарламасы арқылы білікті ментор және кәсіпкерлерден 2 жыл қатарынан тегін сабақ алған. Аспаз Жансая Асылбекова мұнымен тоқтамай әртүрлі курстарға қатысып, білімін жетілдіруде. Жақында Түркия елі Анталия қаласында өткен аспаздар арасындағы сайыстан жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бүгінде Жансая Асылбекова кәсібін дөңгелетіп жаңа цех ашты. Аспаздың айтуынша, тағамды махаббатпен және зор ықыласпен дайындау қажет.
-Тағамды дайындауда ең маңыздысы көңіл-күй. Егер сіз тағамды махаббатпен және зор ықыласпен дайындасаңыз, ол міндетті түрде дәмді болады. Содан кейін асты дайындаған кезде тағамға қосатын ингредиенттердің мөлшері маңызды. Артық немесе кем қоссаңыздар ол тағамның дәміне әсер етеді, - деді кәсіпкер Жансая Асылбекова.
Шара қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жиын соңында барлық қатысушыларға сертификат табысталды.