Ақтаудағы теңіз жағалауына модульдік әжетханалар орнатылады. Дәретханалар тұрғындар көп жүретін орындарға қойылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Қазір байқау жарияланды. Мердігер мекеме анықталып, келісімшарт жасақталғаннан кейін орнату жұмыстары басталады. Модульдік әжетханалар кез келген ауа райына шыдамды. Тат баспайтын темірден жасалады.
-Біз қалада қоғамдық әжетханалар санын көбейтуді қолға алдық. Тұрғындар әжетханалардың аздығына жиі шағым айтады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысына келуші туристер де жетерлік. Осы себептен халық көп жүретін орындарда қоғамдық әжетхана санын көбейту керек. Тұрғындар шағымын ескеріп, мәселені қолға алдық. Өкінішке орай, қала мүлкінің вандализмге ұшырағанына жиі куә боламыз. Қоғамдық әжетхана орнату жұмыстарында да осы мәселеге мән бердік. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында модульдік әжетханалар салынады,-деді қала әкімі Ербол Ізбергенов.
Айта кетейік, әжетханаларды орнату жұмыстары жыл соңына жоспарлануда.