© Колледж.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қала тұрғынынан Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің іс-әрекетіне қатысты шағым келіп түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлімдеді.
Колледж мамандары «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызметі бойынша негізсіз бас тартқан.
Яғни, шағым иесі колледжге құжат қабылдау жөнінде «egov.kz» электронды үкімет порталы арқылы өтініш білдірген.
Колледждің мамандары құжаттарды қабылдаудан бас тартып, «Колледжге түсуге құжаттарды онлайн қабылдау abiturient.edus.kz сайт арқылы жүргізіледі немесе құжаттарды тапсыру үшін қабылдау комиссиясына 108 кабинетке келу қажет» деген мәтін жолдаған.
- Мемлекеттік қызметтің қағидасында: «Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ТжКОББ-ның білім беру ұйымына не «электрондық үкімет» веб-порталына жүгінеді» деп нақты көрсетілген. Демек, колледждің бұл іс әрекеті «egov.kz» электрондық үкімет веб-порталын жоққа шығарып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағида талаптарын сақтамағанын көрсетеді, - дейді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, анықталған құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізген. Нәтижесінде қызмет алушының құжаттары қабылданып, заңды мүддесі мен бұзылған құқығы қалпына келтірілген. Ал жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.