Облыс орталығындағы мұз айдынының құрылысы тағы да тоқтатылды. Бұл жолғы себеп – мердігермен соттасу, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты MAŃǴYSTAÝ телеарнасына сілтеме жасап.
Нысанның биыл аяқталуын көп жылдар бойы сауда орталығындағы мұз айдынында жаттығып жүрген хоккейшілер, мәнерлеп сырғанаушылар мен керлингшілер күтті.
- Ақшаны біреу жымқырғаны анық, енді бізге ешкім 5 минутта мұз сарайын салып бермес. Федерация облыстық спорт басқармасынан қарапайым көмек сұрап, ата-аналар төлейтін жалдау ақысын жеңілдету үшін жаттығу залын сұрады. Бірақ басқарма жергілікті жаттықтырушы жоқ болғандықтан бұл тұста көмектесе алмайтындарын айтты. Иә, бізде ондай маман жоқ, өйткені қалада мәнерлеп сырғанаумен ешкім айналыспайды. Біз Ресейден жаттықтырушы шақыруға мәжбүрміз, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Эльнара Сабирова.
Ал жаттықтырушы Алена Панкратованың айтуынша, кәсіби жаттығу алаңының жоқтығы – спортшылардың көрсеткіштерін төмендетеді.
- Бұл мұз айдынында бір мезетте 15 бала коньки тебеді. Онда үлкені де, кішісі де бар. Барлығы да бір топта, бұл біздің жарыстардағы жетістіктерімізге әсер етеді. Мәселен жарыстарда үлкен мұз айдындарында сынға түсеміз, ал біз ондай жерде жаттықпағаннан кейін дем жетпей қалады. Сондай-ақ біз жаттығатын мұз айдыны кіші болғасын – көрсететін нөміріміз де кіші аумақта жасалады. Үлкен айдындарда біздің спортшылар дағдыланбаған», - дейді мәнерлеп сырғанау жаттықтырушысы Алена Панкратова.
Мұз сарайы 10 жылдан артық салынбайды. Бұл жоба осыған дейін жер теліміне қатысты дауларға, сыбайлас жемқорлық жайындағы жанжалына, сот ісін жүргізуге және пандемияға байланысты тоқтатылып келді. Ендігі себеп – мердігермен арадағы сот дауы. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы компаниялардың 1 млрд теңгеден астам ақша төлегенін айтты.
– 2021 жылы құрылыс құнының өсуіне байланысты мердігер жобаға қосымша 270 миллион теңге сұрады. Бірақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өтінішті қолдамады. Жоба құнының 30 пайызын төледік. Ал мердігер ақшаны қайтарған жоқ. Сотқа талап арыз беруге мәжбүр болдық. Істі сот қарайды,- дейді Маңғыстау облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.
Айта кетейік, мұз айдынына қатысты сот 16 қараша күні өтпек.