Қайырымдылық ациясының мәні – алғашқы қыркүйекте сыйланып, кейін қурап қалатын гүлдердің орнына мұқтаж жандарға көмек көрсету. Бұл ізгі іс-шараға Ақтауда орналасқан "Өркен" мектебінің 1 «Б» сынып ата-аналары қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Әр оқу жылы басталарда балалар мұғалімдерге гүл шоқтарын сыйлайды. Иә, бұл әдемі дәстүр. Бірақ бір-екі күннен кейін бұл гүл шоқтары қурап, қоқысқа айналады. Егер гүл сыйлау тек бір сыныпта болса – мейлі. Дегенмен, елестетіп көріңізші, қоқыстағы қураған гүл – мектеп, қала және ел ауқымында орын алады! Сондықтан біз гүл сыйлаудың орнына жақсылық жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді дұрыс көрдік,- деді ата-аналардың бірі.
«Добряков Клубы» ерікті ата-аналарға Басқұдық ауылындағы жалғызбасты анаға көмектесуді ұсынған. Балаларының бірін мектепке жинауға әйелдің мүлдем ақшасы болмады. Осы тұста 1 «Б» сынып оқушыларының ата-аналары ұсынған көмек бұл отбасыға пайдасын тигізді.
- Менің өтінішіме жауап беріп, көмектескендеріңізге ризамын! Балам мектепке қажет құралдардың барлығы алынғанына қуанышты. Бұл іс – өте жақсы бастама,- деді жалғызбасты ана.
Айта кетейік, акцияға қатысу ерікті түрде өтті, көмек көрсету үшін белгіленген арнайы сома жоқ.