Бүгін, 22 тамыз күні Маңғыстау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру аясында пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеру аясында ұйымдастырылған пресс тур барысында Ф. Оңғарсынова атындағы №29 мектепке келдік. Мектеп жаңа оқу жылына толық дайын. Білім ордасы заманауи техникалармен жабдықталып, оқушыларға көптеген мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, биыл облысымызда алғаш рет бастауыш сынып оқушылары толықтай тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, 2024-2026 оқу жылдарына жекеменшік мектертерде де балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етіп, жаңа оқу құралдарын алу мақсатында 857млн тг бөлу жобасы қарастырылуда,- деді облыстық мәслихат депутаты Людмила Мендыгалиева.
Пресс тур аясында облыстық мәслихат депутаттары, тілшілер мен облыстық білім басқармасы өкілдері №29 мектепті аралады. Мектеп ішінде киіз үй тігіліп, оқушылардың қолынан шыққан қазақи бұйымдармен безендірілген. Мектеп директоры Жайна Ізтұрғанованың айтуынша, балалар біліммен қатар өнерге бейімделіп, өз шеберліктерін де жиі сынап тұрады. Мектеп ішінде ашылған Steam зертханада оқушылар робот құрастырумен де айналысады.
– Мектебімізде білімді, өнерлі, шебер оқушылар мен білікті ұстаздар жетерлік. Қазір бізде 190 мұғалім: 2-шебер, 32-зерттеуші, 42-сарапшы, 54-модератор жұмыс істейді. Мектеп 900 орынға арналған және оқушының көптігінен 3 ауысыммен оқытып келдік. Былтырғы оқу жылынан бастап қосымша құрылыс жүргізіліп, 400 орын қосылды. Қазір мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. Дегенмен, қазір Ф. Оңғарсынова атындағы мектепте 2600 астам бала білім алады. Сонымен қатар, білім ордасы үздік 100 мектеп қатарына қосылды,-деп қосты мектеп директоры.
Айта кетейік, бұл мектепте робототехника үйірмесі ашылып, оқушылар қала, облыс, республика көлемінде және халықаралық додаларда топ жаруда. Ф. Оңғарсынова атындағы №29 мектептің көркем еңбек пәнінің ұстазы және робототехника үйірмесінің жетекшісі Марат Атаназаровтың айтуынша, қазір балалар детекторлы қарғыбау дайындауда.
– Қазір оқушылар жаңа жоба - детекторлы қарғыбау жасауда. Бұл құрылғыны көлікке қойып, антирадар ретінде қолдануға болады. Дегенмен қарапайым құрылғыдан ерекшелігі – жаңа функциясында. Жол бойында қараусыз жүрген төрт-түлік малдың құлағына салынған ен арқылы 500 м жерден жүргізушіге белгі берілмек. Әзірге жоба пысықталып, кемшіліктерін жоюға жұмыстанудамыз,- деді Марат Атаназаров.