5-шағынаудандағы 20-үй тұрғындары төменгі қабаттағы кафелер мен дүкендер салдарынан кеміргіштер мен зиянкестер қаптап кеткендігіне шағымданды, хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазіргі таңда аталған үйдің бірінші қабатында азық-түлік супермаркеті, кафе мен наубайхана және құс дүкені орналасқан. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек бір жыл бұрын үй аумағында тарақандар мен тышқандар мүлдем көзге түспеген. Ал қазір кеміргіштер де, зиянкес жәндіктер де көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп келеді екен.
"Зиянкестерді жоюға бар күшімізді салдық, барлық тәсілдерді қолдандық. Үйді уладық, қақпандарды орнаттық. Өкінішке орай мұндай амалдардан еш нәтиже шықпады. Бір қабаттан келесі қабатқа баспалдақ бойымен өріп жүр. Өз пәтерімнің қалтарыс-қуысынан ытқып шыққан тышқанды көрдім. Олар пәтерден-пәтерге қоныс аударып жүр. Тіпті жиһаздарды кеміріп, тұрмыстық бұйымадарға залалын келтіруде. Бір тұрғынның дәретханасындағы сифонын тескен. Су тамшылап, тұрғынды әбігерге түсірген. Мәселе өте маңызды", - дейді үй тұрғындарының бірі.
Көршілер кеміргіштермен күресте көп қаржы жұмсағанын, алайда барлық әрекеттің нәтижесіз болғанын айтады. Ендігі кезекте тұрғындар коммерциялық нысандар иелерінен өз қаражаты есебінен тұрғын үйге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізулі талап етпекші. Келіспеген жағдайда, тұрғындар тұрғын үй инспекциясына жүгінуді көздеп отыр.