Ақтауда облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің биылғы жұмыс жоспары талқыланып, спортшылар мен БАҚ белсенділерін марапаттау брифингі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жиынға Маңғыстау облысының мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов, Ақтау қалалық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері мен спортшылар қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір жолдауында спорт саласына әрдайым ерекше мән беріледі. Бүгінде облыста 324 мың адам спортпен айналысады. Өңіріміздегі спорт саласының дамуына «Жас Батыр» спорт мектебінің еңбегі ерекше. Көк байрақты желбіретіп, әлемдік деңгейде әнұранымызды ойнатып жүрсіздер! Алдағы уақытта да сіздерге сәттілік, толағай табыс тілеймін, - деді Жаңбырбай Матаев.
Брифинг барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш мектептің жаңа бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін «Жас Батыр» спорт мектебі тиісті басқарма ықпалымен және өз күшімен бірқатар спорттық жарыстарды ұйымдастырып келді. 2024 жылдан бастап Маңғыстау облыстық мәслихаты мен Ақтау қаласы мәслихатын, халық қалауларын, қоғам белсенділерін тартып жатыр. Бұндай бастаманы барлығы қолдайды деген ойдамын. Себебі, өңірдің спортын дамыту бір ғана басқарманың немесе бір ғана мекеменің қолынан келмейді. Қай кезде де сіздердің қолдауларыңыз біз үшін маңызды», - деді Мақсат Мұқаш.
Сонымен қатар, жиналыста облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов 2024 жылға қойған жоспарымен бөлісті.
«Биыл өтетін ең өзекті жарысымыз 11-15 мамыр аралығында болатын самбо күресінен жастар, жасөспірімдер және ардагерлер арасында Азия чемпионаты болмақ. Бұл - ең ірі жарыс. Бұл жарысқа 30-дан астам мемлекеттен спортшылар қатысады деген үміттеміз. Сондай-ақ, осы жылы өңірімізде дзюдодан 4 республикалық турнир, самбо күресінен 7 жарыс, спорттық гимнастикадан 2 турнир, жекпе-жек пен тхэквондодан 1 турнир ұйымдастырылады», - деді Манарбек Бисекенов.
Шара соңында спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлы Маңғыстау облысы әкімінің құрмет грамотасымен және Маңғыстау облыстық мәслихатының алғыс хатымен, Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Алғыс» медалімен марапатталды.