Бүгін қалам ұстаған ұстаздар мен талантты шәкірттер марапат төріне шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС облыстық «Маңғыстау» қоғамдық-саяси газетінің 50 жылдығына орай өңірдегі тілші мұғалімдер мен оқушылар арасында шығармашылық байқау жариялаған еді. БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында аталған байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
-Байқауға келіп түскен мақалалар көп болды, газет бетінен бәрін де жариялауға мән бердік. Бұл мақалаларды зерделей келе, авторлары аймақтың арғы-бергі тарихынан, түбектің тынысынан мол мағлұмат алғанын байқадық. Бүгін осы шын жүйріктерге шынайы ілтипат, сый-құрметімізді көрсетеміз, - деді «Маңғыстау» газеті бас редакторының орынбасары Валентина Қозыбақова.
Атап өтер болсақ, «Тілші мұғалім» конкурсында «Тәрбие тағылымдары» мақаласы үшін 1-орын ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі Әбзелхан Махамбековаға, «Өлкеміздің дәрігер ғалымдары» атты мақаласы үшін 2-орын ҚР білім беру ісінің үздігі Кемелхан Есболовқа, тағылымдық әңгімелер топтамасы үшін 3-орын педагог Тұрсынкүл Қосжановаға, сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның жас маманы» мақаласы үшін 3-орын педагог Гүлдана Жәмиғатоваға берілді.
Сонымен қатар мектеп оқушыларының шығармашылығына арналған байқауда топтама өлеңдері үшін 1-орын Ақтау қаласындағы №21 мектептің 11 сынып оқушысы Жанерке Жолдасбай, «Қазіргі оқушы қандай болуы керек?» атты мақаласы үшін 2-орын №5 мектептің оқушысы Ақнұр Ербол лайық деп танылды.
Жеңімпаздар «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директорының Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді.