Ақтаудағы М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” концерттік ұйымының “Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан” атты жобасы аясында ұйымдастырылған “Тұран” этно-фольклорлық ансамблінің лекция-концерті өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақ халқының дәстүрлі музыка өнері сан ғасырлар бойы өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып біздің заманымызға жеткені белгілі. Халық жадындағы көптеген ән-күйлер мен жыр-дастандар, салт-дәстүр, ұлттық саз аспаптары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп қана қоймай, өз заманының дарынды өнерпаздарының арқасында заман сұранысына қарай жетіліп, дамып отырған. Бұл үрдіс “Тұран” шығармашылығында да көрініс таба білді.
Тұран шығармалары еліміздегі театр, кино, мультфильм, балет, симфония және т.б. өнер салаларына жаңаша дем берген. Кеште көрермендер қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары мен симфониялық оркестрдің үндестігінен туған керемет туындыларды тыңдады. Олардың қатарында “Ұлы Тұран- мәңгілік”, “Шабыт”, “Аққу”, “Ақсақ құлан”, “Ортеке”, “Көроғлы”, “Қазақ елі”, “Қара жорға”, “Ер Тұран” секілді шығармалар орындалды.
“Тұран” этно-фольклорлық ансамблінің концерті 12 наурыз Жаңаөзен қаласында, 13 наурыз Ақтау қаласы және “Отпан” тарихи-мәдени кешенінде де ұйымдастырылмақ.
Биыл “Тұранның” құрылғанына 15 жыл. Осы жылдар ішінде ансамбль 70 елде 1300-ден астам жеке концерттерін өткізіп қазақ өнерін әлемге насихаттап, шетел тыңдармандарының сүйіспеншілігіне ие болды.
“Тұран” тобының өнерпаздары 15 жылдық қарсаңында әлемдік концерттік турнесін бастамақшы. Наурыз айында Батыс Қазақстан өңірінде жеке концертін өткізіп. Сәуір айында Еуропаның Швейцария, Франция, Бельгия, Словения, Австрия, Венгрия мемлекеттеріне, сондай-ақ жыл аясында Қазақстанның барлық қалалары мен Орталық Азия мемлекеттеріне, Америка Құрама Штаттарына дейін баруды көздеп отыр.
«ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» жобасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен кезең-кезеңімен 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылады.